Көкшетауда автокөліктерді тіркейтін ХҚКО ашылды

Көкшетау қаласында автокөлiктердi тiркейтiн Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ашылды. Ендi көкшетаулықтар аз уақыттың iшiнде автокөлiктерiн тiркеп, жүргiзушi куәлiгiн ала алады. Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин мен мемлекеттiк корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қатысты.

Оспановтың айтуынша, бұл Қазақстандағы он үшiншi мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. «Республика бойынша он екi мамандандырылған ХҚКО арқылы жүргiзушiлерге шамамен 1 700 000 қызмет көрсетiлдi. Ендi көкшетаулықтар да автокөлiктi жылдам және оңай тiркеу мүмкiндiгiне қол жеткiздi», — дедi Абылайхан Оспанов.

Екi гектардан астам учаскенi алып жатқан жаңа мамандандырылған ХҚКО Ш.Уәлиханов көшесi, 1/3 мекенжайында (Зерендi тасжолына шығар жолда) орналасқан. Ендi қызмет алушылар өз уақыттарын үнемдеп, небәрi екi сағаттың iшiнде көлiктi тiркеп, жүргiзушi куәлiгiн ала алады. Бизнес-процестiң барлығы автоматтандырылған және мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйесiне қосылған. Автоматты автодромда көлiктi жүргiзу бойынша тәжiрибелiк емтихан тапсыру кезiнде қолданылатын заманауи электрондық бақылау жүйесi бұл үрдiске адами факторды қатыстырмауға мүмкiндiк бередi. Комиссия тексерiсiнен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады. Барлық дәрiгерлер, соның iшiнде психиатр мен нарколог үшiн арнайы кабинеттер қарастырылған. Аумақта көлiктi техникалық тексерiстен өткiзетiн арнайы ангар да бар.

Мамандандырылған ХҚКО дүйсенбi-сенбi аралығында сағат 9:00-ден 20.00-ге дейiн жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын онлайн тәртiпте қадағалау үшiн ғимаратта орнатылған 23 видеобақылау камерасы «Азаматтарға арналған үкiметтiң» ахуал орталығына қосылған.

Құрылған күні: 27.12.2017
Қаралым саны: 2539

Қаз Рус Eng