Сенаторлар Ақмола облысында Жолдауды түсіндірді

Сенаторлар Рашит Әкiмов пен Дәурен Әдiлбеков Ақмола облысындағы Шортанды ауданына жұмыс бабындағы сапары аясында «Полимер-Пласт» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң өндiрiстiк қуатымен танысты. Кәсiпорын 2014 жылдан берi 400 миллион теңге болатын мыңдаған тонна полиэтилен өнiмдерiн өндiрдi. Осы заманғы жабдықтар қойылған цехтардың арқасында мұнда қалдықсыз өнiм шығарылады. Қалдық шикiзаттан қоқыс салынатын қаптар шығару жолға қойылған. Р. Әкiмов пен Д.Әдiлбеков аудан активiмен болған кеңесте Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкiндiктерi» Жолдауында алға қойылған негiзгi мiндеттерге тоқталды. Сенаторлар сондай-ақ Парламенттiң өткен жылғы жұмысының қорытындылары мен заңнамадағы өзгерiстер туралы таныстырды. Cенатор Д.Әдiлбековтiң Целиноград ауданында болған кездесулерiнде де Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау негiзгi тақырып болды. Депутат әлеуметтiк дүкен жұмысымен танысу барысында мүмкiндiгi шектеулi адамдарды еңбекке орналастырудағы жұмыстарын жоғары бағалады. Парламентшi сондай-ақ «Capital Projects Ltd» және «Eco Park Astana» кәсiпорындарында да болды. Әкiмдiктiң қызметкерлерiмен, мәслихат депутаттарымен, кәсiпорындар мен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесулерде сенатор салық заңнамасына енгiзiлген өзгерiстер туралы әңгiмеледi. Д. Әдiлбеков биылғы жылдан бастап патент негiзiндегi арнайы салық тәртiбiн қолданатын кәсiпкерлер үшiн салық мөлшерi 2 пайыздан 1 пайызға дейiн азайтылып, әлеуметтiк салық жойылатынын атап өттi. Ауыл шаруашылығын дамытудың келешегi егжей-тегжейлi талқыланды. «Сапалы өнiм өндiру мақсатында агроөнеркәсiп саласындағы ғылымға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ ең алдымен сапасымен ерекшеленетiн өзiмiздiң ұлттық бренд жасау аса маңызды», — дедi Д. Әдiлбеков.

 

Құрылған күні: 15.01.2018
Қаралым саны: 1349

Қаз Рус Eng