Астананың осындай деңгейге жеткеніне өзім де таңғаламын - Нұрсұлтан Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгiн Астана қаласы әкiмдiгiнiң ғимаратында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен елорданы одан ары дамыту мәселелерiне арналған мәжiлiс өтiп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мiнекей, көздi ашып-жұмғанша 20 жыл өтiп кеттi. Бiз биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтемiз. Менiмен бiрге сол кезде келген қатарластарым, жастардың есiнде болса, бұл жер иен дала болатын. Бұрынғы Ақмола қаласының төңiрегiнiң қандай болғанын бәрiмiз бiлемiз. Жаңа қаланың орнында мидай дала, ештеңе жоқ. Қазiр келе жатып қаланы көргенде осылай болғанына өзiм де таңғаламын. Бiз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрiнде ел ордасы — астананы салып, дүниежүзiн тамсандырып, елiмiздi қуантатын, көршiлерiмiз таңғалатын шаһарға айналдырдық», — дедi мәжiлiстi ашқан Қазақстан Президентi. Мемлекет басшысы осы ретте күндiз-түнi, аязда, боранда тынбай жұмыс iстеген құрылысшыларға, монтажшыларға, қаланың iшi-сыртын тазалаған жұмысшыларға ризашылығын бiлдiрдi. «Әрине, оның iшiнде бiздiң де аздаған еңбегiмiз бар. Сондықтан осы 20 жылдықты қалай өткiземiз деген мәселемен жиналып отырмыз. Жылда қалада iстелген шаруаларды осындай кеңесте ақылға салып, ары қарай не iстеу керектiгiн ақылдасамыз», — дедi Елбасы.

Құрылған күні: 05.04.2018
Қаралым саны: 207

Қаз Рус Eng